АҚШ президенті қызметіне кіріскен Дональд Трамп 2021 жылғы 6 қаңтарда Вашингтондағы Конгресс ғимаратына демонстранттар шабуыл жасағанда наразылыққа қатысқан 1500-ден астам адамға кешірім беріп, жазасын жеңілдетті. Олар Джо Байден жеңімпаз деп танылған 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын растауға кедергі жасамақ болған. Бұл – Трамптың президент қызметіне кірісе сала қол қойған алғашқы жарлықтарының бірі.
Конгреске шабуыл оқиғасына қатысқан Proud Boys және Oath Keepers деп аталатын оңшыл радикал топтарға мүше 14 адамның жазасы жеңілдетілді, олар бүлік шығарды деп сотталған еді. Баспасөздің хабарлауынша, олар жақын арада қамаудан босатылмақ. Трамп кешірім жариялаған басқа сотталған адамдардың көбі құқық қорғау органдары өкілдеріне күш көрсетті я Конгресс аумағына заңсыз басып кірді деп айыпталып, түрмеге жабылған еді. Президент жарлығында "2021 жылғы 6 қаңтарда АҚШ Капитолийінде немесе оған жақын жерде болған оқиғалар кезінде заң бұзғаны үшін сотталғандардың бәріне толық және сөзсіз кешірім жасау" жөнінде айтылған.
"Бұл адамдардың бәрі бүгін кешке босатылады деп үміттенемін", – деді президент Трамп тиісті жарлығына қол қойған кезде.
Төрт жыл бұрын өкілдер палатасының спикері болған Нэнси Пелоси президенттің бұл шешімін "әділет жүйесін қорлау" деп атады.
Капитолийдегі оқиғадан кейін 1500-ден астам адам қылмыстық жауапқа тартылған, кемінде 1100 адам сотталып, 600-ге жуығы бас еркіндігінен айырылған. Трамп жарлыққа қол қойғанда сол оқиғаға байланысты сотталғандардан аз ғана адам қамауда отырған еді.
ПІКІРЛЕР