Accessibility links

Қазақстан қарақалпақ белсендісін Өзбекстанға экстрадициялады


Қарақалпақстанның егемен республика мәртебесін өзгертуге қарсылық білдіріп шеруге шыққан халық. Нөкіс, шілде, 2022 жыл. Архивтегі фото.
Қарақалпақстанның егемен республика мәртебесін өзгертуге қарсылық білдіріп шеруге шыққан халық. Нөкіс, шілде, 2022 жыл. Архивтегі фото.

Өзбекстан билігі "сепаратизм" бойынша қылмыстық іске байланысты іздеу салып, былтыр Қазақстанда ұсталған қарақалпақ белсендісі Ринат Утамбетовтың экстрадицияланғаны белгілі болды. Бұл туралы Адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры хабарлады.

Қордың мәліметінше, 43 жастағы Утамбетов 2024 жылы сәуірде ұсталып, содан бері Алматының тергеу изоляторында отырған.

Түркімен Хельсинки қоры сүйенген дереккөздің бірі Қазақстан қарақалпақ белсендісін Өзбекстанға шамамен бір апта немесе 10 күн бұрын жөнелткен деді, ал басқа дереккөздің сөзінше, оны желтоқсанның аяғында экстрадициялаған.

Қарақалпақ оппозиционері Аман Сағидуллаевтың айтуынша, Утамбетов қазір Ташкентте қамауда отыр, Қарақалпақстанға этаппен әлі жібермеген. Белсендінің соты көктемнің аяғында – жаздың басында басталады деген болжам бар.

Түркімен Хельсинки қорының хабарлауынша, Утамбетов бұған дейін саяси пана бойынша өтінішін қарауды тоқтата тұруға және Өзбекстанға өз еркімен оралуға өтініш жазған. Бұған оны Алматыға келген туыстары көндірген болуы мүмкін. Утамбетов экстрадициядан соң оған бас еркіндігінен айырмайтын жаза тағайындауы мүмкін деп топшылаған.

Қордың жазуынша, Утамбетов оппозициялық ұйым мүшесі болмаған. Өзбекстан билігі оны Telegram-дағы виртуал топ арқылы 2022 жылғы жазда Қарақалпақстанның ерекше мәртебесіне байланысты конституциялық өзгертулерге қарсы наразылық кезінде "тыйым салынған" үш видеоматериал таратты деп айыптаған. Оның ішінде қарақалпақ белсендісі, журналист, заңгер Дәулетмұрат Тәжімұратовтың үндеуі (2022 жылғы 1 шілдеде Нөкістегі мешіт алдында сөйлеген сөзі), қарақалпақ журналисі Лолахон Қаллыханованың үндеуі, "Атажұрт" қозғалысының белсендісі Серікжан Біләштің видеосы болған. Бұл видеолар 10 адамнан тұратын топқа жіберілген, онда Утамбетовтың сыныптастары мен кейбіреуінің әйелі болған.

2023 жылы қыркүйекте Утамбетовтың сыныптастарының бірі "Өзбекстан конституциялық құрылымына қол сұғу" және "Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін материалдар тарату" баптары бойынша сотталып, 4 жылға бостандығын шектелген. Белсендіге іздеу жарияланған.

Адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры Утамбетов видеоларды Қазақстанда тұрғанда жіберді, заң бойынша, бұған тыйым салынбаған деді.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер 2024 жыл қарақалпақтар құқығы тапталып, оппозиция өкілдерін қудалау күшейген жыл болды дейді. Ресми Ташкент кейінгі бір жылда ел ішінде интернеттегі белсенділікті басып, шет елдердегі белсенді қарақалпақ азаматтарын экстрадициялауға тырысты. Құқық қорғаушылар елде саяси тұтқындар саны артқанын, олардың түрмеде азаптау көргенін мәлімдесе, ресми Ташкент мұның бәрін жоққа шығарып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG