Ақтөбеде кепілге алынып, зардап шеккен әйел ауруханадан шықты. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады. Ол алдағы уақытта емхана бақылауында болады.
"Пациенттің жағдайы мен денсаулығы жақсаруына байланысты үйіне шығарылды", – деп хабарлады Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ақтөбедегі жеке үйлердің бірінде белгісіз ер адам үш кісіні кепілге алғаны туралы суыт хабар полицияға 13 қаңтарда кешкі сағат сегіз шамасында түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция күдіктімен бірнеше сағат келіссөз жүргізіп, одан еш нәтиже шықпаған соң, арнаулы жасақ операция бастап, кепілге алынған адамдарды босатқанын 14 қаңтарға қараған түні облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.
Арнайы операция нәтижесінде полиция күдіктіні қолға түсіріп, ол кепілде ұстап отырған әйелді құтқарған. Ал әйелдің пышақталып, ауыр жараланған анасы мен өгей әкесі үйдің жертөлесінен табылған.
Арада біраз уақыт өткенде әлгі үш адамның екеуі қайтыс болды деген ақпарат тарады. Полиция дерегінше, егде әйел ауруханаға апара жатқан жолда көз жұмған.
Ал ауруханаға жеткізілген оның жұбайын аман алып қалу үшін дәрігерлер 30-40 минуттай күресті, бірақ науқас қайтыс болды деп хабарлады Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.
Қылмыс оқиғасынан кейін Ақтөбе полициясы таратқан ақпаратта күдікті ер адам қазір ауруханада жатқан әйелдің танысы екені айтылды.
Кейін полиция осы оқиғаға байланысты "кісі өлтіру" және "кепілге адам алу" фактілері бойынша іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамағанын айтты.
16 қаңтарда Ақтөбенің тергеу соты адамдарды кепілге алу қылмысына күдікті ретінде ұсталған азаматты екі ай қамауда ұстау туралы шешім шығарды.
ПІКІРЛЕР