21 қаңтарда Алматы қаласының полиция департаменті Instagram-дағы сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебек ісі бойынша пікір білдірді. Полиция оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.
"Қазақстан – көпұлтты ел, сондықтан мұндайға жол берілмейді, Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы я кез келген басқа жағдай бойынша кемсітуге болмайды. Мұндай іс-әрекеттер Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халық бірлігіне нұқсан келтіреді". Полиция баспасөз қызметі осылай деп мәлімдеді.
Қазақстанның ақпарат және мәдениет министрлігі бұл іс бойынша жария пікір білдірмеді. Мекеменің баспасөз қызметі Азаттықтың сауалдарына әлі жауап берген жоқ.
Алматы полициясы бірнеше азамат Темірлан Еңсебекті қолдау үшін "рұқсат етілмеген жеке пикетке әдейі шықты" деді. Полиция бұл азаматтар "жаппай іс-шара өткізу тәртібін саналы түрде бұзды" деп мәлімдеді.
21 қаңтарда Қостанай қаласында белсенді Сергей Зинченко Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының алдына шықты. Ол "Сатира – қылмыс емес" деген жазу жапсырылған күртесін көрсетіп, мұны пикет я митинг емес, перформанс деп атады. "Наша газета" басылымы Зинченконың перформансы 5 минуттан аспағанын, кейін оны билік өкілдері ұстап әкеткенін хабарлады.
Алматыда Oyan, Qazaqstan қозғалысының мүшесі Ақмарал Жәкібаева да Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алдына пикетке шықты. Ол да Темірлан Еңсебек пен оған қолдау білдіріп, пикетке шыққан журналистер – Әсем Жәпішева мен Руслан Бикетовті босатуды талап етті.
Жәпішева мен Бикетов бұған дейін осы театрдың алдына пикетке шығып, артынан 15 күнге қамауға алынған. Белсендінің жалғыз адамдық пикеті 25 минутқа созылды, кейін театр алдына полиция барған. Олар пикетке рұқсат етілмеген деп ескертіп, белсендінің қолындағы плакатын тартып алып, Жәкібаеваны полиция басқармасына алып кетті.
Темірлан Еңсебек 18 қаңтарда екі айға қамалған. Оның үстінен "әлеуметтік желіде жазба жариялау арқылы ұлтаралық алауыздық тудыру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірлан Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" деген ән түрткі болған. Еңсебек бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан.
Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.
Алматы полициясы тергеу қазір осы әннің авторын анықтап жатыр деді.
Бұған дейін құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль Азаттыққа берген пікірінде "бұл ән шыққалы ұзақ уақыт өтсе де, ол бұрын да бірнеше мәрте наразылыққа себеп болса да, мемлекет оған қатысты ештеңе істеген жоқ" деп айтқан еді.
"Темірлан Еңсебек сатиралық постында шовинистік мазмұндағы әнді бірге жариялағаны үшін кінәлі ме?" деген сұраққа "жоқ" деп жауап берер едім. Осы күнге дейін бұл ән ресми түрде экстремистік материал қатарына жатқызылған жоқ. Ал Еңсебек экстремистік баппен айыпталып жатыр. Мемлекеттік органдарда "экстремистік" деп танылған материалдар тізімі бар. Мәдениет және ақпарат министрлігі және басқа да өкілетті мемлекеттер органдардың қоғамға зиян келтіретін, заңды бұзуы мүмкін деген мұндай контенттің жарияланып кетпеуін бақылап отыратын құзыреті бар. Неге екені белгісіз, дәл осы Темірлан Еңсебек ісіне келгенде оған көңіл бөліпті", – деді құқық қорғаушы.
2021 жылы мамырда да Темірлан Еңсебек тергеліп, үйіне тінту жүргізілген. Ол кезде "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс болған. Еңсебек іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Іс сатиралық пабликте жарияланған мәселе желіде өте қызу талқыланғаннан кейін ашылған.
Ол жолы бұл іске қатысты сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева пікір білдірген. Ол "юмор мен сатираға жақсы қарайтынын" бірақ, оны "жалған ақпараттан" бөлек қарау керегін ескерткен:
"Бұл жағдайды жақсы білемін, жіті қадағалап отырмын. Осы тұста айтарым: юмор мен сатираға жақсы қараймын, ал сатира мен жалған ақпараттың арасындағы айырманы білу – екінші мәселе, ал қоғамда қозғалыс тудырып, резонанс әкелетін де – сол [жалған ақпарат]. Сондықтан қазір бұл мәселемен ведомство айналысып, экспертиза жасап жатыр, сондықтан барлығы осы экспертизаның қорытындысына байланысты болмақ. Бірге бақылап, қарап отырамыз, — деді Балаева 2021 жылғы 26 мамырда өткен брифингте.
Пабликтің бір постында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құдай дәрежесін беріп, мұны Конституцияда бекітуді ұсынды" деп жазылса, тағы бірінде ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының жылына бір реттен артық шетелге шығуына, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялауына тыйым салатын заң жобасын жасап жатыр деген сатиралық "жаңалық" болған. Паблик профилінде материалдардың шынайы жағдаймен байланысы жоқтығы, "оқиғалармен және адамдармен сәйкес келіп жатса, бұл – жай кездейсоқтық" екені ескертілген.
2022 жылы қыркүйекте Темірлан Еңсебек өзіне ашылған қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР