Түркияның солтүстік-батысындағы Карталкая тау шаңғы курортында ағаштан салынған қонақүйдің 12 қабатында болған өрттен қаза болғандар 76 адамға жетті. Бұл жөнінде "Неміс толқыны" сайты жазды. Қаза болған 52 адамның аты-жөні анықталды деп хабарлады Түркияның ішкі істер министрі Әли Ерлікай 21 қаңтарда.
Бұған дейін 66 адамның қаза болғаны және 51 адам зардап шеккені айтылған. Өрт ағаштан салынған ғимараттың 12 қабатында басталған. Өрт басталған кезде онда 238 адам болған деді министр.
Олардың кейбірі өрт басталған кезде қонақүйдің терезесінен секіріп кеткен, кемінде екі адам осылай мерт болған. Кейбірі көрпелер мен төсеніштерді бір-біріне байлап төменге түспек болған.
Қазақстан СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров "өрттен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін" мәлімдеді.
Өрттің неден шыққаны белгісіз – үкімет оқиғаны тергеу үшін алты прокурор тағайындаған.
Қонақүйдің тау бөктерінде орналасуы құтқарушылардың жұмысын қиындатқан. 10 сағат сөндіру жұмыстарынан кейін өрт бір-ақ оқшауланған.
Өрттің себебін тергеу бойынша 9 адам ұсталды. Арасында қонақүй иесі де бар. Сот дәлел-айғақтарды жинау қажеттігін алға тартып, ақпарат құралдарына апат аумағында жұмыс істеуге тыйым салған. Карталкаяның өзге қонақүйлеріндегі тұрғындар да сақтық мақсатында жақын аумақтағы қонақүйлерге жайғастырылған.
Түркияда өртке байланысты бүгін қаралы күн.
Карталкая тау шаңғы курорты Стамбулдан 270 шақырым жердегі Кероғлы тауында орналасқан.
ПІКІРЛЕР