Accessibility links

Вашингтон Трамптың инаугурациясына дайындалып жатыр


АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурациясы өтетін жер.
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурациясы өтетін жер.

Вашингтон АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурация рәсіміне дайындалып жатыр. Шара АҚШ-тың уақыты бойынша 20 қаңтар түсте (Астана уақытымен 22.00) өтеді.

АҚШ-тың 45-президенті болған, енді 47-басшысы болатын Трамп бір күн бұрын АҚШ астанасы – Вашингтонға барды. Жексенбі күні ол Республикалық партиядан шыққан сенаторлармен таңғы ас ішіп, кейін Арлингтон зиратына гүл шоқтарын қойды. Рәсімге оның отбасы, вице-президент қызметіне таңдалған Джей Ди Вэнс пен жаңа Трамп әкімшілігінің мүшелері қатысты. Кейін Трамп Capital One Arena залында өткен митингіде жақтастары алдында сөз сөйледі.

Жексенбіде Вашингтон мен АҚШ-тың бірқатар басқа қаласында Трампқа қарсы жұрт митинг өткізді. Акцияға қатысқандар түсік жасату құқығын қолдап, Трамптың климат пен иммиграция мәселесіне деген көзқарасын сынға алды. "Америка дауысы" сайтының жазуынша, АҚШ-тағы қазіргі наразылықтар ауқымы Трамп 2017 жылы президент қызметіне алғаш кіріскен уақытпен салыстырғанда аз. Сол жылы Вашингтондағы "әйелдер маршына" 100 мыңнан астам адам барған, биыл акцияға бірнеше мың адам ғана қатысқан.

АҚШ-тың 47-президентінің ант беру рәсімі мен инаугурациясы жабық ғимаратта – Капитолий Ротондасында өтеді. Мұндай жиі бола бермейді, 40 жыл бұрын президент Рональд Рейган екінші мерзімге кіріскелі жатқанда жабық ғимаратта ант берген. Трамп күн суып кеткеніне байланысты салтанатты шара өтетін орын өзгерді деп түсіндірді.

Трамптың айтуынша, оның жақтастары бұл рәсімді 20 000 адамға арналған Capital One Arena-дағы экраннан көре алады. Инаугурациядан кейінгі дәстүрлі шеру де сол жерде өтеді. Салтанатты шараны көруге Вашингтонға Трамптың 200 мыңнан астам жақтасы барған.

Инаугурацияға Аргентина президенті Хавьер Милей мен Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, тағы бірқатар шет мемлекет басшысы шақырылған. БАҚ-тың жазуынша, Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинді де шақырған. Қытайдың атынан оның орынбасары Хань Чжэн қатыспақ, мұндай бұрын соңды болмаған, бұған дейін АҚШ президентінің инаугурациясына Қытайдан тек елшілер қатысқан. Хань Чжэн болашақ вице-президент Джей Ди Вэнспен кездесті.

Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін бірқатар жарлыққа қол қояды деп отыр. Оның ішінде заңсыз жүрген иммигранттарды депортациялау, энергетика саясаты мен мемлекеттік реттеу ережелеріндегі өзгерістер, көші-қон саясатын қатаңдату мәселесі бар. Сондай-ақ Трамп 2021 жылғы 6 қаңтардағы оқиғаға қатысқандарға кешірім беруі мүмкін, сол жылы наразылық акциясына қатысқандар – Трамптың жақтастары Капитолийге басып кірген.

Трамп қызметке кіріскен соң Ресей президенті Владимир Путинмен Украинадағы соғысты аяқтау туралы келіссөзге дайын екенін мәлімдеді. Ол екі тарапты соғысты аяқтауға шақырды, бірақ бейбіт келісім бойынша әлі нақты жоспар ұсынбады.

Республикалық партиядан кандидат болған Трамп 2024 жылғы 5 қарашадағы сайлауда демократ Камала Харристі жеңген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG