"Американың алтын ғасыры басталды". Вашингтонда Дональд Трамптың инаугурациясы өтті
АҚШ-та президент инаугурациясы әрқашан 20 қаңтарда Вашингтон қаласында өтеді – ел Конституциясына енгізілген 20-түзетуде осылай деп атап жазылған.
Шараның басты рәсімі – жаңадан сайланған президент пен вице-президент салтанатты жағдайда ант береді. Әдетте АҚШ президентінің инаугурациясы Капитолийдің алдында өтетін, бірақ биыл ауа райының күрт суытуына байланысты шараны ғимараттың ішінде, Капитолий күмбезі астында өткізу ұйғарылды, сондықтан инаугурацияға әуелгі жоспардағыдан аз адам қатысты.
Конгрестің инаугурация рәсімі жөніндегі комитеті жиынтығы 220 мың билет шығарған.
Инаугурация кезінде Трамп "Американың алтын ғасыры" басталды деп мәлімдеді. "Мен ұлт жетістігінің кереметтей жаңа дәуірінің бастауында тұрмыз деген сеніммен және оптимистік көңіл-күймен президент лауазымына қайта оралдым. Елде өзгерістер легі басталады", – деді Трамп.
Трамп президент қызметіне кірісе сала 100-ге жуық жарлыққа қол қоюды жоспарлап отыр. Ол АҚШ-тың оңтүстік шекарасында төтенше жағдай жариялауға және мигранттарға қарсы ірі шаралар өткізуге уәде берген.
Бұған қоса Трамп "стратегиялық резервтерді лық толтырып, күллі әлемге америкалық энерияны экспорттау" үшін энергетика саласында төтенше жағдай жарияламақ. "Біз бұрғылайтын боламыз, айналайын, бұрғылаймыз", – деді ол.
Трамп АҚШ-та тек екі жыныс (ер және әйел) болатынын заң жүзінде бекітуге, сырттан әкелінетін тауарларға баж салығын көбейтіп, елдің өнеркәсібін дамыту үшін өз азаматтарына салықты азайтуға уәде етті.
Ант беру рәсімі алдында Трамп пен әйелі Мелания (Трамптың ту сыртында тұр) президент мерзімі аяқталған Джо Байден және оның отбасымен бірге шәй ішті. Бұл – Ақ үйде президенттер ауысқан кезде болатын дәстүрлі шара (2021 жылы Байденнің инаугурациясына оған дейін президент болған Трамп қатыспаған).
Ақ үйде билікке келген соң Байден алғашқы күні-ақ өзіне дейін Трамп қабылдаған тоғыз шешімнің күшін жойған еді. Сөйтіп, АҚШ-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрамына және ғаламдық климат жөніндегі Париж келісіміне қосылған елдер қатарына қайтарған, оған қоса, Мексикамен шекарадағы биік дуал құрылысын тоқтатқан.
Инаугурация рәсімі кезінде Дональд Трамп әйелі Меланияның бетінен сүйіп тұр.
Алдымен Трамптың вице-президенті Джей Ди Вэнс АҚШ Жоғарғы сотының төрағасы Джон Робертстің алдында оң қолын жоғары көтеріп, сол қолын інжілге қойып тұрып ант берді.
Ал Трамп болса әйелі Мелания ұстап тұрған інжілге қол қоймай, оң қолын ғана көтерген қалпы ант берді.
Ант беру рәсіміне АҚШ-тың саяси және бизнес элитасының өкілдері қатысты. Солардың бірі – АҚШ-тың 43-президенті болған кіші Джордж Буш әйелі Лорамен бірге тұр.
АҚШ-тың 44-президенті, ел тарихында осы қызметке алғаш рет сайланған афроамерикалық, 2009 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері Барак Обама Трамптың инаугурациясына қатысты. Оның зайыбы Мишель Обама бұл шараға барған жоқ.
АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтон мен оның әйелі Хиллари да инаугурацияда болды.
Tesla және SpaceX компанияларының басшысы, Трамптың серігі Илон Маск инаугурацияда тұр. Трамп оның кандидатурасын үкімет жұмысының тиімділігін қамтамасыз ететін жаңа департаменттің жетекшілігіне ұсынған.
Әдетте АҚШ прездиенті инаугурациясына шетелдік басшылар шақырылмайтын, бірақ Трамп ол дәстүрді бұзып, әлем елдерінің кейбір басшыларына шақырту жіберген. Солардың бірі Италияның премьер-министрі Джорджия Мелони (фотода) ресми шарада тұр.
Аргентина президенті Хавьер Милей де Трамптың ант беру рәсіміне қатысты.
АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамптың әкімшілігін басқаратын Сьюзи Уайлс (сол жақта) инаугурация кезінде.
Илон Маск (оң жақта) Google компаниясының бас атқарушы директор Сундар Пичаимен әңгімелесіп тұр.
Инаугурацияға Meta (бұрынғы Facebook) компаниясының меншік иесі Марк Цукерберг пен Apple компаниясының бас директоры Тим Кук те қатысты.