Трамп АҚШ-та TikTok-ты әзір тоқтатпауға уәде берді

19 қаңтарда АҚШ-та TikTok әлеуметтік желісіне тыйым салу туралы заң ережесі күшіне енді, әйткенмен елдегі провайдерлермен арадағы келісімге сәйкес, АҚШ-тағы қолданушылар оны әлі де болса пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл туралы TikTok-тың мәлімдемесіне сүйеніп Reuters агенттігі хабарлады. 20 қаңтарда АҚШ президенті қызметіне кірісетін Дональд Трамп TikTok-қа Америка билігімен "ел қауіпсіздігін қорғайтын мәміле" жасауға уақыт беретін жарлыққа қол қоюға уәде етті деп жазды агенттік.

Компания мәлімдемесінде Трамптың TikTok-қа кепілдік бергені, АҚШ-та бұл желіге тыйым салынғаннан кейін платформа жұмысына шектеу қоймаған провайдерлер жауапқа тартылмайтыны айтылған.

Бұған дейін NBC арнасына сұхбат берген Трамп инаугурациясынан кейін TikTok-қа тыйым салатын заңның орындалуын 90 күнге шегеретінін айтқан. Осы уақыт ішінде компания иесіне америкалықтардың бұл әлеуметтік желіні пайдалануына кедергі болып отырған заң мәселелерінің шешімін табуға мұрсат беріледі.

Трамптың әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, ол TikTok-тың АҚШ-тағы жұмысына байланысты бірлескен кәсіпорын құруды көздейді, оның кемі 50 пайызы америкалық тарапқа тиесілі болуы керек.

TikTok – қысқа видеолар жарияланатын сервис, ол қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі. АҚШ Конгресі Қытай билігі TikTok арқылы америкалықтардың жеке дерегін ала алады және Америка қоғамына қатты ықпал жүргізе алады деген алаңдауға байланысты әлеуметтік желі қытайлық компаниядан бөлініп шықпаса, елде TikTok-қа тыйым салуға мүмкіндік беретін арнайы заң қабылдаған. Бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты бұл заңның күшін жоюдан бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-та TikTok бұғатталды

17 қаңтарда Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефонмен сөйлесіп, TikTok туралы мәселені де талқылағанын айтқан. Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін жүз күн ішінде Қытайға сапарлауды жоспарлап отыр, сөзінше, ол "көптеген мәселені шешуге" ниетті.

АҚШ-та TikTok-тың шамамен 170 миллион жазылушысы бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Си Цзиньпинмен TikTok пен сауда-саттықты талқылағанын айтты