Шәкерім, тарих және Жаңаөзен. Мұхтар Мағауин мұрасына тарихшы көзқарасы

Қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин

Азаттықтың маңызды хабарларына арналған "Азаттық толқынында" подкасында жазушы Мұхтар Мағауиннің "Қазақ тарихының әліппесі" кітабы, "Қан төгілді!.." мақаласы және Шәкерім мұрасы жайлы айтамыз. "Әліппе" туралы тарихшы пайымы қандай?

Your browser doesn’t support HTML5

Мұхтар Мағауин мұрасы. "Қазақ тарихының әліппесі" және тарихшы

2025 жылғы 10 қаңтарда эмиграциядағы жазушы, ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. Жазушы Вашингтон маңындағы Parklawn Memorial зиратына жерленді. Осы аптада Алматы мен Астанада әдебиет қайраткерінің жетісі өткізіліп, асы берілді. Басқа да қалаларда жазушыны еске алу рәсімдері өтті.

Жазушы Мұхтар Мағауин

Еске алғанда әдебиет қайраткерінің қазақ әдебиеті тарихын тереңдеткен басқа да еңбектерімен қатар репрессиядан кейін алғаш Шәкерім шығармаларын жариялағаны, тәуелсіздіктен кейін көпшілікті қазақ тарихымен жаңаша таныстыруы ойға оралады.

Ал 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында зиялы қауым, әдебиет және өнер қайраткерлері, Жазушылар одағы биліктің сөзін сөйлегенде Мұхтар Мағауин наразылыққа шыққан мұнайшыларды жақтады.

Әуелде Азаттық радиосы аудиториясы үшін дәріс ретінде оқылған жазушының "Қазақ тарихының әліппесі" еңбегі де алғаш рет осыдан 22 жыл бұрын, 14 қаңтарда эфирге шыққан еді. "Қазақ тарихы беттерінен" тізбекті хабары аясында бұл дәріс апта сайын тұрақты беріліп тұрды.

АЛАСАПЫРАН АНТОЛОГИЯ

Совет одағы тұсында, компартия идеологиясы кезінде қуғындалған Шәкерім туралы хабарлар Азаттық радиосы эфирінен ғана берілсе, әдебиет зерттеушісі ретінде Мұхтар Мағауин ақын атылғаннан кейін 50 жылдай уақыт өткенде Ленинградта Шәкерім өлеңдерін антология құрамында жарыққа шығарды. "Поэты Казахстана" аталатын қазақ әдебиетінің антологиясында 37 ақынның жырлары 1978 жылы сол кездегі Ленинградтағы "Советский писатель" баспасында орыс тілінде жарық көрген. Мағауин бұған келу жолын оған дейінгі "Алдаспан" жинағының тағдырымен байланыстыратын.

Жазушы Мұхтар Мағауиннің кітаптары.

Жазушының өзі "Алдаспан" антологиясы 1970 жылы 17 мың данамен басылғанын айтқан еді. "Антология Алматыда және бірнеше облыста сатуға ілінді. Міне, осы кезде Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті тарабынан қатаң нұсқау түсіп, баспахана қоймасынан шығып үлгермеген он екі мыңдай кітап тұтқынға алынды, таралып кеткен кітаптың сатуда қалған үш-төрт мыңы әр тараптан жинақталып, кері қайтарылды", – деп жазды Мұхтар Мағауин.

Айтуынша, "Алдаспан" "туралып" кеткен соң ол Ленинградтан "Поэты Казахстана" жинағын шығаруды қолға алған. Оның әзірленіп, жарыққа шығуы жеті жылға созылған. Жинақтың шыққанға дейінгі айтыс-тартысы бір бөлек, ал баспаға жолдама алған кезінде "қазақ әдебиетінің досы есептелетін" Зоя Кедрина арыз жазған. Бірақ бұл кезде бәрі де кеш еді.

"Алдаспан" мен "Поэты Казахстана" Мұхтар Мағауиннің 1968 жылы жарық көрген "Қобыз сарыны" кітабынан кейінгі қазақтың байырғы әдебиет үлгілерін қамтыған атаулы еңбегі болатын. Бұрынғы Ленинград – қазіргі Санкт-Петербургте жарыққа шыққан антологияда халқымен қауышқан жыраулар мен ақындар толғауын былай қойғанда, Шәкерім өлеңдерінің қамтылуы зерттеушінің совет үкіметі өлтірген ақынның шығармаларын жарыққа шығарудағы алғашқы әрекеті еді. 25 мың тиражбен жарық көрген жинақ Қазақстанға жеткізілгенде кітап дүкендерінде айналдырған бірнеше күннің ішінде сатылып кетіп еді дейді көзкөргендер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "КПСС мүддесіне қайшы". Ақталған Шәкерімді қаралау 30 жылға созылды

Арада тағы да 10 жыл өткенде, 1988 жылы Мұхтар Мағауин құрастырған "Жолсыз жала" деп аталатын Шәкерім өлеңдерінің жинағы Алматыдағы "Жалын" баспасынан жарық көрді.

Ал Совет одағы кезінде "халық жауы" аталған Шәкерім есімін ақпарат құралдары арасында Азаттық радиосының эфирінен ғана естуге болатын.

Радио ақын туралы бірсыпыра хабар әзірлеген, оның кейбіріне 2023 жылы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасында шолу жасалды.

Азаттық радиосының 1973 жылғы 27 қаңтардағы Шәкерім шығармалары туралы хабарының жазбасы. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

"ХАНДЫҚ ДӘУІРДІ ТҮСІНУ ҮШІН ТАРИХЫН БІЛУ КЕРЕК"

1990-жылдардың басында, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Азаттық радиосының "Қазақ тарихы беттерінен" хабарында Мұхтар Мағауиннің қазақ тарихы туралы дәрістері беріліп тұрды. Бұл туралы 2024 жылы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 63-эпизодында кеңірек айтылды.

"Қазақ тарихы беттерінен" хабары Азаттықтың тізбекті шығарылымдарының бірі болатын. Онда ел тарихының қалтарыс-бұлтарыс тұстары, әрқилы маңызды оқиғалар барысы айтылатын.

Эфирдегі бұл дәрістер көп ұзамай "Қазақ тарихының әліппесі" кітабына айналып, бірнеше мәрте қайтара жарық көрді. Орыс және венгр тілдеріне де аударылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақ тарихының әліппесі". Азаттық хабарынан басталған кітап

Мұхтар Мағауин жайлы сөз қозғағанда оның жазушылығымен қоса әдебиет зерттеушісі әрі тарихшы екендігі айтылады. Жазушының өзі көзі тірісінде бір кездері тарих факультетінде оқу ойында болғанын айтқан-ды.

"Сегізінші-тоғызыншы класта оқып жүргенде тарих факультетіне барам ба, әлде әдебиет факультетіне барам ба деген ойым болды. Бірақ сол кездегі тарих – КПСС тарихы. Байқап қарасам, тарихтың жолы жабық екен. Ештеңе бітіре алмайсыз. Тас қабырғаны сүзуге болмайды, оны айналып өтетін жолдарды қарастыру керек. Сол себептен мен филология факультетіне оқуға келдім", – деп еске алған жазушы. Айтуынша, тарихи шығармалар жазуды да ертерек ойластырған. "Ондағы мақсат тарихи шығармалар арқылы ескі замандағы орыс отаршылдығын көрсету болатын" деді ол.

Тарихшы Берекет Кәрібаев

Ал тарихшы Берекет Кәрібаев Мұхтар Мағауиннің тарихи тақырыптарға қадам басуын былай түсіндіреді:

– Аспирантурада қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетті зерттеді. Бұл дәуірді түсіну үшін алдымен осы кезең тарихын білу керек. Саяси оқиғалардың сол кездегі ақын, жыраулар поэзиясында қалай көрініс тапқанын түсіну керек. Осы орайда ұстаздары да дұрыс бағыт берген, – деді тарихшы Берекет Кәрібаев əдебиет зерттеушісі, сыншы, профессор Бейсенбай Кенжебаевқа меңзеп.

Мағауиннің Асан қайғыдан Бұқар жырауға дейінгі ақын, жыраулар шығармаларын қамтыған еңбегі кейін "Бес ғасыр жырлайды", "Үш ғасыр жырлайды" жинақтарында көрініс тапты деді Кәрібаев.

"ТАРИХШЫЛАРҒА ДА ЖОЛ КӨРСЕТКЕНДЕЙ БОЛДЫ"

Тарихшы Берекет Кәрібаев Мұхтар Мағауиннің Азаттық эфирінде оқыған дәрістері арқылы тараған "Қазақ тарихының әліппесі" кітабы көпшілікке арналған ғылыми-танымдық еңбек екенін айтты. Бірақ академиялық ортада да осы кітапқа сілтеме жасалатын кездер аз емес. Сілтеме жасайтындардың бірі – Берекет Кәрібаевтың өзі. Ол "Әліппенің" маңызын былайша санамалайды.

– "Қазақ тарихының әліппесін" бірнеше мәрте оқып, әлі де мақалаларымда атап отырамын. Керекті тұсына сілтемесін беріп, келіспейтін жерім болса, оны да айтып, көрсетемін. Мәселен, ғылыми ортада біз "Қазақ хандығы", немесе "Қазақ мемлекеттігі" десек, Мұхтар Мағауин "Қазақ ордасы" деген терминді қолданады. "Әліппе" – ғылыми монография емес, автордың көпшілікке арналған өзіндік пайымдауының жинағы. Сөйте тұра ол көпшілік біле бермейтін, өте сирек кездесетін, тың деректерді пайдаланып, ғылыми айналымға енгізген, – деді тарихшы.

Жазушы Мұхтар Мағауин. Прага, 25 маусым, 2010 жыл.

Кәрібаевтың айтуынша, он тоғызыншы ғасырға дейінгі қазақ тарихында әсіресе, он жетінші ғасырдағы оқиғалардың "ақтаңдағы" мен беймәлім, анықталмаған тұстары көп.

– Мұхтар Мағауин сондайда он жетінші ғасырдағы проблемаларға тереңірек барып, тұжырым жасайды. Оқырманына қарапайым тілмен елдің төл тарихын түсіндіреді, – деді Берекет Кәрібаев.

Оның сөзінше, Мағауиннің "Қазақ тарихының әліппесі" – тарихты теориялық, әдістемелік тұрғыда зерттеу үшін назар аудартатын еңбек.

– Кеңестік тарихнама 70 жылдан астам бір ғана ұстаныммен бір көзқарасты ғана жақтады. Маркстік-лениндік теорияға негізделген әдістеме, таптық көзқарас салтанат құрды. Таптық көзқарас қоғамды әлеуметтік жағынан жікке бөлді. Тарих биліктегі таптың көзқарасы тұрғысынан ғана жазылды. Жеңілген таптың өкілдері тарихтан қуылды, – деді ол.

Сол кездегі советтік қоғам "кемелденген социализмен – коммунизмге" деп ұрандап жүргенде, Мұхтар Мағауин тарихи мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырған бірден бір зерттеуші болды деген баға береді тарихшы.

– Совет билігі тарихты саясатқа, идеология қаруына айналдырып жіберді. Таза тарихты айтайын десең, басың кетеді. Олардың айдауына көнейін десең, жүрегің қаламайды. Сол себептен Мағауин тарихқа әдебиет арқылы барған сияқты, – деп пайымдайды Берекет Кәрібаев.

Мұхтар Мағауин жазған “Қазақ тарихының әліппесінің” мерзімді баспасөзге шыққан алғашқы үзіндісі. "Қазақ әдебиеті" газеті, 10 желтоқсан, 1993 жыл.

– Тәуелсіздіктен кейін шағын ғана "Қазақ тарихының әліппесімен" Мұхтар Мағауин теориялық-методологиялық тұрғыдан алғанда тарихшыларға да жол көрсеткендей болды. Тарихты таптық тұрғыдан қарастырудың жеткізген жері белгілі еді. Енді тарихты цивилизациялық тұрғыдан қарастыру керек болатын. Цивилизация деген – азаматтардың жиынтығы, халық, ұлт деген мағынаны береді, ұлттық мүдде осыдан шығады, – деді Берекет Кәрібаев.

Тарихшы тарихи деректерді салыстыруда ауыз әдебиеті мен қазақ тілінің рөліне де тоқталған. Әдебиеттегі кейбір деректердің тарихи деректерді анықтауға әсер ететін кездері болуы мүмкін. Оны Мұхтар Мағауиннің әдіс-тәсілдерінен де аңғаруға болады.

– Мағауин жазба деректер мен ауыз әдебиеті материалдарын қатар пайдаланады. "Қазақ тарихының әліппесі" арқылы ол осыны түсіндірмек болды, – деді тарихшы.

Кәрібаев Мұхтар Мағауиннің әдеби мұра мен тарихи деректерді салыстырудағы әдіс-тәсілдеріне қарап, жазушыны бірінші кезекте ғалым деп танитынын айтты.

ЖАҢАӨЗЕНДЕ АТЫЛҒАН ОҚ. АҚТАУШЫЛАРДЫ АЙЫПТАУ

2011 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанына 20 жыл толған күні Жаңаөзен оқиғасы бұрқ ете қалды. Еңбек дауынан өрбіген бейбіт наразылықтың аяғы Жаңаөзен қаласының орталық алаңындағы қантөгіске ұласты. Күштік құрылым қару қолданды. Кейін ресми деректерде Жаңаөзен мен Шетпеде 17 адамның қаза тапқаны, жүздеген адамның жараланғаны айтылды. Сол кездегі қақтығыс салдарынан кейін қайтыс болған адамдар қаншама?!

Әділет пен қиянат қайшыласқан қанды оқиға жазушы Мұхтар Мағауинді бей-жай қалдырмады. Азаттық сайтына оның "Қан төгілді!.." деген мақаласы шықты. Мақала "Менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр", – деп басталады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қан төгілді!..

Жазушы Жаңаөзенде оқ атқан билікті айыптап, оған үн қосқандарды сөгеді.

"Көппен көрген ұлы той" – өзіңнің туған халқыңа қарсы ғайбат айту емес еді. Жауыздықты жақтау емес еді. Жаңа-Өзен мен Шетпеден, Ақтаудан жеткен хабарларға қарап ашынасың, торығасың, ал Астана мен Алматының ресми ақпарат бетіндегі сұқытына қарап, мүлде түңіледі екенсің. Атақты ақын, алтынбай артист, пәленбай профессор, ең кереметі – күні кеше, Желтоқсан оқиғасы кезінің өзінде қаһарлы үкіметке туған халқының ашу-ыза, наразылығын қаймықпай айтқан Жазушылар одағындағы таңдама жиын... – түгелімен өз азаматтарын оққа байлаған өкімет пен партия (Назарбаев билігі мен "Нұр Отан") жағында. Ойбай, тыныштығымызға әреке келтірді, тәуелсіздік тойының шырқын бұзды деген реніш, кейіс, айыптау... Міне, осындай керемет. Төңірегі түгел сатып кеткен қорғансыз халық. Сөзін сөйлемек азаматтарымыздың сиқы осындай", – деп жазды көкейдегі мұң-шерін Мұхтар Мағауин.

Айта кететін жайт – бұл мақала сайтқа бірден жарияланбаған. Сайттағы мақаланың соңында "Бұл жазбаның авторы Азаттық радиосы қызметкерінің туысы болғандықтан материалды жариялау туралы шешімді Азат Еуропа/Азаттық Радиосы корпорациясының редакторлар кеңесі қабылдады" деген ескертпе берілді. Жазушының ұлы Едіге Мағауин сол жылдары Азаттық радиосының Қазақ қызметін басқаратын. Яғни, мұндайда мүдде дауы туындауы ықтимал деп есептеледі.

Сондықтан жазушының оқ атылып, қан төгілген Жаңаөзен оқиғасы туралы Азаттық сайтына арнаған мақаласы әуелі ағылшын тіліне аударылып, радиокорпорацияның редакторлар кеңесінің талқылауынан өткеннен кейін жарияланған еді.

Жазушы Мұхтар Мағауиннің жетісіне жиналған адамдар. Алматы, 16 қаңтар, 2025 жыл.

Мұхтар Мағауин 1965 жылы "XV-XVIII ғасырда жасаған қазақ ақын, жыраулары" тақырыбында ғылыми диссертация қорғады. Ғылымда алғаш "Қобыз сарыны" монографиясын жарыққа шығарды. "Алдаспан", "Поэты Казахстана" антологияларын құрастырды. Көркем әдебиетте "Аласапыран" роман-дилогиясын, "Көк мұнар", "Көкбалақ", "Шақан-Шері", "Сары қазақ", "Жармақ" романдарын жазды. Кейіннен "Шыңғыс хан және оның заманы" тарихи деректі тетралогиясын жарыққа шығарды. Таяуда "Алтын Орда" романы басылып шықты. 2024 жылы шығармаларының 26 томдық толық жинағы жарық көрді.

Мұхтар Мағауиннің "Шыңғыс хан" тетралогиясы

Жазушы Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы туралы шолудың аудионұсқасын "Азаттық толқынында" подкасынан толығырақ тыңдауға болады.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыз.