Израиль ХАМАС кепілде ұстаған үш азаматы босатылғанын растады

2023 жылғы 7 қазанда палестиналық ХАМАС тобы (АҚШ пен Еуроодақ террористік топтар тізіміне қосқан) кепілге алған Израильдің үш азаматы босатылып, еліне оралды. Бұл туралы 19 қаңтар кешке Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) мен елдің қауіпсіздік қызметі хабарлады.

Кепілдегі адамдар Газа секторындағы атысты уақытша тоқтату туралы келісім аясында босатылды. Келісім 19 қаңтар таңертең күшіне енген.

ХАМАС тобы бұған дейін кепілдегі адамдарды Халықаралық Қызыл крест комитетінің өкілдеріне тапсырған. Израиль армиясының хабарлауынша, оларды еліне әскерилер мен қауіпсіздік күштері қызметкерлері жеткізген. Кепілден босағандар отбасымен қауышқан. Алда медициналық тексеруден өтуі керек.

Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, үш әйел кісі кепілден босатылған, олар – Роми Гонен, Эмили Дамари мен Дорон Штайнбрехер.

Израиль жұрты бір жылдан астам уақыт бойы ХАМАС тұтқынында болған ел азаматтарын қарсы алуға көшеге шықты.

АҚШ президенті Джо Байден Израильдің үш азаматы кепілден босады деген хабардан соң атысты тоқтату, кепілдегі адамдарды босату және Газаға гуманитарлық көмек көрсету туралы қол жеткен келісім бойынша арнайы мәлімдеме жасады. Араағайын елдер қатысқан келісім, оның ішінде АҚШ та бар, Байденнің президент лауазымындағы мерзімі аяқталуға бір күн қалғанда күшіне енді. 20 қаңтарда Дональд Трамп АҚШ президенті ретінде ант беріп, қызметіне кіріспек.

Израиль кепілден босаған азаматтарының орнына 90 палестиналықты қамаудан босатып, "Қызыл крест" ұйымына тапсырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль Газада атыс тоқтағанын хабарлады

Олардың 78-і Иордан өзенінің Батыс жағалауына барады. 12 адам Шығыс Иерусалимге жіберіледі, ақпаратқа қарағанда, олар 2023 жылғы 7 қазаннан кейін әлеуметтік желілерде Израиль азаматтарына күш көрсетуге шақырғаны үшін ұсталған. Босатылғандар арасында әйелдер мен жасөспірімдер бар.

2023 жылғы қазанда ХАМАС Израиль аумағына кіріп, шабуыл жасаған соң, Тель-Авив бұған жауап ретінде осы ұйым бақылауындағы Газа секторын алыстан атқылап, кейін оған әскер кіргізген. ХАМАС Израильге шабуыл жасағанда 250-ге жуық адамды кепілге алған. Газада 99 адам кепілде қалған еді, олардың бір бөлігі тірі қалмаған болуы мүмкін. Атысты тоқтату және кепілдегі адамдарды босату туралы келісімге Қатар, АҚШ және Египет араағайын болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс өрті шарпыған Газа халқының өмірі