Израиль: Газада атыстың тоқтауы ХАМАС-қа байланысты кешігіп жатыр

Газа секторы.

Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль әскері ХАМАС-тан босатылатын тұтқындардың тізімін алмайынша Газада атысты тоқтатпауға бұйрық етті. Атысты тоқтату режимі жексенбі, 19 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 8:30-да (Алматы уақыты бойынша сағат 11:30) күшіне енуі керек болған.

"Премьер-министр босатылуы тиіс болған тұтқындағы адамдардың тізімінің кешігуіне байланысты қауіпсіздік кеңесін өткізді. Ол Израиль әскеріне ХАМАС уәде еткен тізімді алғанша атысты тоқтатпауды тапсырды" деп жазылған Израиль премьер-министрінің кеңсесінің мәлімдемесінде.

Израиль әскерінің ресми өкілі Даниэль Хагари ЦАХАЛ палестиналықтардың уәдені орындамауына байланысты Газа секторына соққы жасауды жалғастыра беретінін растады.

Израильдің мәліметінше, тұтқындардың тізімі 18 қаңтар сағат 16:30-ға дейін берілуі керек болған еді. ХАМАС өкілдері келісім шарттарын орындайтынын және тізім техникалық себептен кешігіп жатқанын айтқан. Кейін Израиль ақпарат құралдары қарулы топ босатылуы тиіс тұтқындар тізімін 19 қаңтарда бергенін хабарлады.

Израиль мен ХАМАС арасында тіке емес жасалған келісім бірнеше кезеңнен тұрады. 42 күнге созылатын бірінші кезеңде палесттиналық топ 33 адамды босатуы керек. Ал Израиль Газа секторынан әскерін шығара бастауы керек. Ақпаратқа қарағанда, ХАМАС тобы тек 30 израильдіктің аты-жөнін берген.

Келісім бойынша, Израиль 1890 палестиналық тұтқыды босатпақ.