Қазақстан үкіметі алты айға картопты экспорттауға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл шараның ЕАЭО елдеріне (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) қатысы жоқ деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет мұны картоптың күрт қымбаттауымен түсіндірді.
"Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті. Картопқа деген аса жоғары сұраныс ішкі нарыққа әсер еткені атап өтілді. Мәселен, соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді" деп жазылған хабарламада.
Үкіметтің хабарлауынша, 16 қаңтардан бастап экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылған.
"Қабылданған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарыққа қатысушылар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған" деді үкіметтің баспасөз қызметі.
Оның мәліметінше, қазіргі кездегі картоп қоры 2025 жылы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық жабу үшін жеткілікті. 19 қаңтар күнгі жағдай бойынша, елдің картоп қоры 850 мың тоннадан асады. Бұған сауда желілеріндегі қор кіріп отырған жоқ.
Қазақстанда кейінгі апталарда картоп құны күрт қымбаттаған. ҚазТАГ-тың мәліметінше, картоп 8 қаңтар мен 14 қаңтар аралығында бірден 4,7 пайызға қымбаттаған. Қазақстанның көптеген өңірінде картоптың бір килосы 350-400-ден сатылып жатыр. Алматыда кейбір орындарда картоп құны 400-500 теңгеге жеткен. "Диапазон" басылымының жазуынша, Ақтөбеде бір кило картоп 350-400 теңгеге бір-ақ көтерілген. Басылым "картопты енді тек мерекелер кезінде ғана жейтін болдық" деген қолданушылардың пікірін келтіреді.