Атырауда саяжай учаскесінің халқы әлеуметтік мәселелерін шешуді талап етіп жиналды

Атыраудағы "Рыбник" саяжайы тұрғындарының наразылығы. 19 қаңтар, 2025 жыл. Азаттыққа тұрғындар жіберген виедодан скриншот.

Атырау қаласындағы "Рыбник" бау-бақша қоғамында тұратын ондаған адам жергілікті билікке талабын айтып, үйлерінің алдына шатыр тігіп, наразылық білдірді. Тұрғындар 19 қаңтарда әкімдіктен саяжай учаскелерінің инфрақұрылым мәселесін шешуді, жол салып, жарық сапасын жақсартуды сұраған. Олар саяжай тұрғындары тұтынатын электр қуаты өте қымбат деп шағынды.

Наразы тұрғындар жиынын полиция сырттай бақылап тұрды. Саяжайда жиналған жұртпен кездесуге Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов пен Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Халмурзин барды.

Бау-бақша қоғамдарына қарасты аумақтар бірнеше жылдан бері жеке үй секторы мәртебесіне қол жеткізе алмай келеді. Қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізу қажет екенін әкімдік бұған дейінгі жиындарда да айтқан. Жергілікті билік өкілдері бұл жолы да сол сөзін қайталады.

Саяжай тұрғыны Қайыржан Оразғалиев бұл өзгерістің ұзақ уақыт алатынын түсінсе де, Қазақстандағы саяжай және бау-бақша шаруашылығын дамыту бойынша 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы орындалмағанына наразы.

– Қазақстан премьер-министрінің 2023 жылғы 10 желтоқсандағы облыс әкімдіктеріне берген тапсырмасы неге орындалмай жатыр? Жол картасында он тармақ бар. Соның жетінші тармағында саяжай аумақтары үшін электр энергиясы тарифтерін төмендету мақсатында электр желілерін энергия таратушы мекемелерге беру арқылы жергілікті атқарушы органдардың балансына өткізу туралы айтылған. Бұл шара орындалмады. Бізге ешқандай қаржы бөлінбейді, себебі елді мекен мәртебесі жоқ дейді. Электр желілері тозған, жиі сөнеді. Оны жаңартуға қаржы бөлінбеген. Оның үстіне біз жарыққа қала тұрғындарына қарағанда қымбат төлейміз: қалада тариф 17 теңге болса, біз 23 теңге төлейміз. Жол жоқ, жарық әлсіз. Талаптарымыз орындалмаса, Астанаға барып шағымданамыз, – деді Оразғалиев.

Қайыржан Оразғалиев саяжай учаскесінде 2016 жылдан бері тұрады. "Атырау-Жарық" акционерлік қоғамы жарықты тұтыну ережесіне сәйкес, саяжай учаскесі үшін 23 теңге деп белгіленген деп жауап берген.

Қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов Атырау бойынша 32 бау-бақша қоғамы бар, бәріне ықшамаудан мәртебесін беру үшін қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізу қажет деді.

– 2016 жылы бекітілген қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бұл өзгерістер мамырда аяқталады деп жоспарланып отыр. Мәртебе бекітілген соң, жол, жарық және басқа да инфрақұрылым мәселелері бойынша жобалар дайындап, жергілікті бюджеттен қаржыландыруды қолға аламыз. Бірақ бұл үшін көп уақыт пен қомақты қаржы қажет, – деді Махуов.

Тұрғындар әкімдік өкілдерінің жауабына разы болмады, Астанаға барып, талаптарды сонда айтамыз деді. 19 қаңтарда тұрғындар наразылықтан тараған соң үйлердің алдына тігілген шатырлар да жиналды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Интернет те, дүкен де жоқ". Саяжайларының карантиндегі өмірі