21 қаңтарда Ақтөбе соты бүйрегін 9 млн теңгеге (17 мың АҚШ доллары) сатпақ болған Атырау тұрғыны Ерболат Орынбасаровтың бостандығын бір жылға шектеді. Сот үкімі күшіне енсе, Орынбасаров бір жыл пробация бақылауында болады.
Орынбасаров бостандығы шектелгеніне разы емес, сол себепті апелляция алқасына шағымданғысы келеді. Бірақ әлі нақты шешім қабылдамаған. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Назгүл Дүйсенбекова айтты.
Тергеу материалдарына қарағанда, 27 жастағы азамат шешесін емдету үшін көп мөлшерде қарыз алған. Содан құтылу мақсатында 2024 жылы мамырда Telegram желісіне хабарландыру берген. Бес айдан соң ол Ақтөбеге барып, "бүйрек саудалаушыдан" 5 млн теңге алып жатқан жерінен ұсталған.
Тергеу Орынбасаровқа "тірі адамның ағзасына қатысты заңсыз мәміле жасасу" бабы бойынша айып тақты. Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Сот алдында өз әрекетіне қатты өкінетінін айтты.
Ерболат Орынбасаровтың сөзінше, "бүйрек сатып аламын" деген әйел оның жол шығынын өтеп, Ақтөбеден пәтер жалдап берген.
– "Ағама бүйрек керек еді" деп хабарласты. Ақтөбеге шақырды. Тоғыз миллион теңгенің жартысын бірден, жартысын отадан кейін төлеуге келіскен. Бірақ сол күні бірден 5 миллион теңге әкеп берді, – деді Орынбасаров сотта.
Прокурор Әділет Кенжалының айтуынша, бүйрегін саудалаған азаматты "полицияға көмектеспек болған ақтөбелік әйел" ұстап берген.
Кәмелетке толмаған екі баланың әкесі Орынбасаров 2024 жылы 25 қыркүйекте Ақтөбе қаласында ұсталған. Сот үкімі шыққанға дейін ол ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүрген.
Адам ағзаларын сатумен күрес бойынша Еуропа кеңесі Конвенциясына сәйкес, "адам ағзасы сауда-саттық заты не қаржылай пайда табу көзі болмауға тиіс". Ал "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс Қазақстанда адам ағзаларын сатып алу-сатуға тыйым салынған, тек трансплантация жасауға рұқсат етеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары да адам ағзасын саудалауға түбегейлі қарсы. Ұйым ерікті түрде әрі тегін донор болу принципін қолдайды. ДДСҰ транспланттау бағдарламаларының үйлестірушісі, дәрігер Люк Ноэльдің пікірінше, донор мәселесі моральдық-адамгершілік сипатқа ие, оны талқылауға отбасының барлық мүшесі қатысқаны жөн.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандықтардың өлгеннен кейін донор болудан қорқуының себебі не?