Алматы облысында есірткі тасыды деген айып тағылып, соты өтіп жатқан 26 жастағы Елизавета Терентьева сот залында қолын тілді. Анасы "Лиза бұл әрекетке әділетсіздікке шыдамағаннан барды" дейді. Қазақстанда былтыр осы баппен мыңнан аса адам сотталған. Олардың жартысынан көбі 16-29 жас аралығындағы жастар, көбі 10-15 жыл түрме жазасын алған. Сотталғандардың туыстары "ірі есірткі тасымалдаушылар көп ұсталмайды, олардың орнына бұл қылмысқа білместікпен барған жастарды қамайды" деп шағынды.
СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ МЕН СУДЬЯНЫҢ УӘЖІ
– Қандай құрметті айтып тұрсыз, егер біздің құқығымыз бұзылып жатса! – деп айқайлады Елизавета Тереньтева сот залындағы әйнек қоршаудың ішінде тұрып. Оның бірнеше жерден тілінген сол жақ білегінен қан көрінеді.
Оның жанында тұрған құрбысы Айя Сағынтай да ашулы.
– Сізге ешқандай құрметіміз жоқ, міне, сізге құрмет, түкіргенім бар, – деді Айя судьяға қарап.
Алматы қаласында тұратын 26 жастағы Елизавета Терентьева мен 27 жастағы Айя Сағынтайға Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни "ірі мөлшердегі есірткі тектес затты өткізу мақсатында алды, сақтады және тасыды" деген айып тағылған. Егер айыбы дәлелденсе, екеуі 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалуы мүмкін. Олар тағылған айыпқа келіспей, "есірткі тасыған жоқпыз" деп отыр. Бірақ тергеу де, прокуратура да оларды айыпты санайды. Сотқа тартылған екеуінің және ата-аналарының бар үміті сотта. Алайда сот процесінен шу шықты.
Елизавета қолын тілгенге дейін, дәлірек айтқанда былтыр 10 желтоқсанда олар судьямен сөзге келіп қалған. Сотталушылар тарабының кезекті өтінішін орындамаған судьяға айып тағылған екі қыз бен қорғаушылары наразылық білдірген.
– Сот процесінде заң бұзылып жатыр, аузымды жабудың қажеті жоқ. Жарты жылдан бері сіздерді тыңдап келеміз, "Терентьева, аузыңды жап!" дейсіздер, жетер енді, – деп айқайлады Елизаветаның анасы әрі қорғаушысы Полина Терентьева сол сәттен видеоны смартфонына түсіріп тұрып.
Видеода Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Мұхиддин Тохтахунов "Өтініштің бәрін орындауға міндетті емеспін" деп уәж айтты.
– Алты ай ішінде сіз біздің бірде-бір өтінішімізді орындаған жоқсыз, – деді сотқа Айяның анасы әрі қорғаушысы Мейрамгүл Қасымбекова.
Сот кабинетіндегі хаттамаға қарағанда, Елизавета Тереньтева мемлекеттік адвокаттан бас тартатынын айтып, соттан басқа қорғаушы тапқанша үзіліс жариялауды сұраған. Судья Мұхиддин Тохтахунов бұл өтінішті орындамай, сот отырысын жалғастыра берген. Прокурор да судьяны қолдаған. Елизавета бұған наразылық ретінде өз денесіне зақым келтірген.
– Өзіміз де шошып кеттік, қызымыз мұндайға барады деп күткен жоқпыз. Елизавета судья да, прокурор да бізді тыңдамағаннан кейін сол әрекетке барды. Біз әу бастан істе бұрмалау әрекеті бар, оған дәлеліміз де бар деп судьяға өтініш жасадық. Бірақ судья да, прокурор да тыңдағысы келмейді. Сол үшін Елизавета мұны шарасыздықтан істеді. Біздің адвокаттың сотқа келе алмауына себеп бар. Бізге сот отырысы болатыны кеш хабарланды, сол үшін ол басқа қаладан жетіп үлгермеді. Сосын бізге кезекші адвокатты тағайындады. Біз оған сенбейтінімізді, одан бас тартатынымызды айттық, судья кезекті рет сөзімізге құлақ асқан жоқ. Ол үнемі солай істейді, өтінішіміздің бәрін кері қайтарумен келеді, – деді Полина Терентьева Азаттық тілшісіне.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі сотының төрағасы Ержан Жанұзақов Азаттыққа берген ресми жауабында сотталушының өз денесіне зақым келтіруінің себебін былай деп түсіндірді:
"Сотталушылар – Айя Сағынтай мен Елизавета Терентьева әуелдегі адвокатынан бас тартқан және заңда көрсетілген бес күн ішінде басқа адвокат шақырмаған. Сол үшін сот оларға мемлекеттік адвокат тағайындалды. Екі сотталушы мемлекеттік адвокатқа сенбейтінін айтып, сотта сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Сотталушылар сұрақтарға жауап бермеген соң судья олардың сотқа дейінгі тергеу кезінде берген жауаптарын жариялады. Осы уақытта сотталушы Терентьева сол қолын қыш тақтайшамен (кафель) кесіп, өміріне қауіп төндірмейтін көп сызат келтірді. Сотталушылардың қорғаушылары сот отырысына адвокаттарын шақыру үшін уақыт сұрады. Бұл өтініш қанағаттандырылып, адвокат шақыруға уақыт берілді".
МУЛЯЖДЫ АЛУҒА БАРҒАНДА ҰСТАЛҒАН
Елизавета Терентьева мен Айя Сағынтайды 2023 жылы қазанның аяғында, Алматы облысы Өтеген батыр ауылындағы бос тұрған ғимараттан 14 қорапты алып, көлікке салып жатқан кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері ұстаған. Тергеу материалында әлгі қораптың ішінен су сорғыш құрал мен "20 келіден астам есірткі тектес психотроптық зат" табылғаны жазылған.
Күдікті екі қыз ұсталған кезде түсірілген видеода Айя Сағынтай ол қораптың ішінде не барын білмегенін айтқан.
"Қорапты алып кетуді бастығым Ербол тапсырды, сол үшін 20 мың рубль (102 мың теңге) беремін деп айтты", – деп жауап айтқан Айя ҰҚК тергеушісі Айдар Абуовтың сұрағына.
Оның "Ербол" дегені тергеу материалдарында "куратор" деп көрсетілген. Оның кім екенін тергеушілер сол күйі анықтамаған. Іс материалдарында 2023 жылы күзде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейден Алматыға есірткі жеткізудің қылмыстық схемасын әшкерелеп, оған қатысы бар деген күдікке ілінген адамдарды ұстағаны, 20 келіден астам есірткіге Қойшыбаева есімді әйел тапсырыс бергені жазылған. Прокуратураның дерегінше, полиция Қойшыбаева деген азаматқа қатысты бөлек қылмыстық іс ашқан.
Екі қыздың адвокаты Бауыржан Азановтың айтуынша, Қойшыбаева "ол затқа тапсырыс бергенін, Қазақстанға жеткізілгенше өзі қадағалап, күткенін" мойындаған. Бірақ ол екі қыздың ісіне куәгер ретінде қатысып жатыр. Айыптау актісінде Елизавета мен Айя сол 20 келі есірткі тектес затты қалташаларға салып, қаладағы түрлі орындарға жеткізуі керек болған деп жазылған.
Азанов бұл істе күмәнді дерек көп екенін айтып отыр. Адвокат "екі қызды ұстау кезінде, тергеуде заң бұзу фактісі көп болды" деді. Алматы прокуратурасы болса "істе заңсыздық жоқ" деп, сотқа жолдаған.
– Қыздарды ұстаған кезде ол жерде барлық 14 қорапта есірткі жоқ. Бұл менің болжамым, себебі біреуіне мынау мефедрон, пәленше салмақ деп жазып қойған. Видеода тергеуші тек біреуін ашып көрсетеді де, "басқа қораптарды ашудың қажеті, мағынасы жоқ" деп айтады. Мағынасы бар ма, жоқ па, онда ешкімнің шаруасы болмауы керек. Заң бойынша, тергеуші сол жерде бәрін ашып, қопарып көрсетуге міндетті. Видеода ол оны істемейді. Прокуратураның қадағалаған түрі мынау. Қадағалау орнына, соны дәлел етіп, істі сотқа жіберіп отыр. Қалған қораптарда не барын білмейміз, 12 ме, 14 пе, 1 қорапта ма – біз оны білмейміз. Себебі тергеуші заңды бұзып, бәрін ашып көрсеткен жоқ. Мынау не, муляж ба, немене зат, су сорғыш құрал ма, емес пе, мүмкін оның ішінде құм жатқан шығар, мүмкін тұз ба, қант па, ұн жатыр ма, оның бәрін көрсетуге міндетті, – деді адвокат Азанов Азаттыққа.
ҰҚК тәркілеу кезінде түсірген видеода тергеуші Абуов қорап ішінен табылған ұнтақтың муляж екенін айтады. Муляждың сыртында сол затқа сараптама жасаған сарапшының анықтамасы бар. Қағазда мынадай жазу бар:
"26 қыркүйек 2023 жыл. "ГАЗ 3302 автокөлігінен тәркіленген. (синтетикалық заттың атауы №1-3 хлор***). Эксперт (қолы) Токтобаев".
ҰҚК жедел тобы есірткі затын тасыған деген күдікпен екі қызды 2023 жылғы 29 қазанда ұстаған.
Адвокаттың айтуынша, ішінде 20 келіден астам есірткі тектес заты бар қораптарды орган қызметкерлері екі қызды ұстағанға дейін басқа жақтан тәркілеген.
"Кейін оның ішіне муляж салып, бос ғимаратқа қойған. Ол затқа кімдер келетінін сырттан бақылап, Айя мен Елизаветаны сол жерде ұстаған", – деді адвокат.
Айя Сағынтай мен Елизавета Терентьеваның қорғаушыларының айтуынша, қылмыстық істе оларға тапсырма берген адамның кім екені анықталмаған.
– Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл істі өзі құрастырды. Ал облыстық прокуратура оған көз жұмды, білгенін істеуге рұқсат берді. Енді біздің жазықсыз балаларымзды соттағысы келеді. Сотта болған кейінгі оқиға қыздардың қатты күйзеліске түсіп кеткенін көрсетті, өйткені олар кінәлі емес. Сот кейінгі өтінішімізді кері қайтарған кезде құқығымыз өрескел бұзылды. Судья шақырылған адвокатты бізге таңғысы келді. Бұл балаларымыздың шыдамын шегіне жеткізді, – деді сотталушы Айя Сағынтайдың анасы Мейрамгүл Қасымбекова Азаттыққа.
Екі қыздың аналары "іс дұрыс тергелген жоқ, балаларымызға жала жауып, басқа біреудің қылмысын артақшы" деп санайды. Сол үшін Алматы прокуратурасынан істің заңдылығын қайта тексеруді талап еткен. Прокуратура оларға "тергеу айғақтарына күмәндануға негіз жоқ" деп жауап берген.
"Алматы облыстық прокуратурасы жиналған дәлелдемелердің заңдылығын, олардың қылмыстық іске қатысы бар-жоғын сотқа дейінгі тергеу сатысында да, істі сотқа жолдау кезінде де тексерді. Бұл ретте дәлелдемелер заңды және негізделген деп танылды. Айя Сағынтай мен Елизавета Терентеваны айыптауға жеткілікті дәлел бар. Осыған байланысты істі тергеуге қайтаруға және қылмыстық істі тоқтатуға негіз жоқ", – деп жауап берген Алматы облысының прокуроры Берік Адамов арыз иелеріне.
"ЕСІРТКІ ТАСИТЫН ТҰТЫЛЫП, ОЛАРДЫ ЖҰМСАЙТЫНДАР ҚҰТЫЛЫП КЕТІП ЖАТЫР"
Елизавета Терентьева мен Айя Сағынтайдың ісі – Қазақстанда жыл сайын есірткі тасымалдау бабымен қозғалатын мыңнан аса істің бірі. Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни "ірі мөлшердегі есірткі тектес затты өткізу мақсатында алу, сақтау және тасу" айыбымен қозғалатын істер кейінгі бес жылда көбейіп, сотталған адам саны үш есе артқан.
2024 жылы 297-баптың 3-бөлігі бойынша 938 адам сотталды. Олардың басым көпшілігі 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айырылды. Биылдан бастап осы бап бойынша жаза мерзімі сәл кеміді, қылмыс жасағандарға енді 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге қамау жазасы беріледі.
Елде есірткі тасығаны үшін сотталғандар жай ғана көбейіп жатқан жоқ, олар жасарып та келеді. Мысалы, былтыр есірткіге қатысты қылмыс жасап сотталғандардың тең жартысы – 16 мен 29 жас аралығындағы жастар болды. Бес жыл бұрын есірткімен сотталғандар арасында жастардың үлесі 30 пайыз еді.
2020 жылы есірткі сақтау, тасумен байланысты 297-баппен 5 бала сотталған. 2024 жылы кәмелетке толмаған 31 бала түрме жазасын алған.
297-баптың 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған адам 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталады. "Жасыл желкен" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлзат Алмажанова "Бұл – есірткі тасымалына білместікпен барған жастар үшін аса ауыр жаза" деді.
Гүлзат Алмажанова былтыр құрған "Жасыл желкен" атты бірлестік есірткі тектес психотроптық заттарды тасымалдағаны үшін сотталып кеткендердің туыстарына құқықтық көмек көрсетеді. Көмекке екі мыңдай адам жүгінген. Олар Қазақстан билігінен есірткі тасып сотталғандардың жазасын жеңілдетуді талап етті. Былтыр мәжіліс депутаттарымен бірнеше рет кездесіп, заңға өзгеріс енгізуді сұрады. Гүлзат заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды дегенге келіседі. Бірақ "жастардың көбі бұл қылмысқа жұмыс іздеп жүріп, білместікпен баратынын да ескеру керек" дейді.
– Ашығын айту керек, [құқық қорғау органдары] шаш ал десе, бас алады ғой. Статистканы қуалап кеткеннің салдарынан, себеппен емес, салдармен күрес болып кетті. Telegram, OLX сайты, Instagram’ға дейін, әр үйдің есігінің алдында QR код көп жабыстырылған. Мектеп оқушыларына да дәл сондай жолмен ақша табу жеңіл болып кетті. Есірткі тасымалы бойынша қозғалған істерді тергеуде, есірткіні тәркілеуде көп қате кетіп жатады. Орган қызметкерлері түймедей нәрсені түйедей етіп, ұсталған ұсақ "салушыларды" ("закладчик") ірі есірткі тасымалдаушы ретінде апарып, ісін прокуратураға жібереді. Бұның көбі Ішкі істер министрлігінің олқылықтары, – деді "Жасыл желкен" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлзат Алмажанова.
"Салушыларға" жазаны жеңілдетуді сұраған ата-аналардың талабы орындалды. Биыл 1 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі тасымалдаушыларына жазаны жеңілдететін, өндірушілерге жазаны қатаңдататын заңға қол қойды. Енді есірткі таратқандар 10-15 жылға емес, 7-12 жылға дейінгі мерзімге сотталады. Ал оны өндіргендерге берілетін 15-20 жыл түрме жазасы өмір бойына бас еркіндігінен айыру жазасына ауыстырылды. Бұл өзгерісті сенат депутаттары бірауыздан қолдаған.
– Бүгінгі күні есірткі таратушылардың портреті айтарлықтай өзгерді. Бұл әдетте 16-дан 30 жасқа дейінгі, толыққанды отбасылардан шыққан жас адамдар, арасында 13-15 жас аралығындағы балалар да кездеседі. Олар интернет-технологияларды белсенді пайдаланады. Есірткі саудагерлерінің қатарына олар жеңіл табысқа құмарлық, құқықтық сауатсыздық, мәдениет пен әлеуметтік жауапкершіліктің төмендігі салдарынан қосылады. Бірақ жастардың кейбірі шарасыздықтан есірткі саудасына тартылады. Сондықтан әлеуметтік фактор мұнда да аса маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастар есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың басты нысанасына айналып отыр. Мұны ата-аналардың есірткіге байланысты құқық бұзу әрекеттерімен ұсталған немесе бас еркіндігінен айырылған балаларына қатысты депутаттарға жасаған өтініштерінің көбейгені де дәлелдейді. Олардың басты дәлелі – жас ерекшелігіне байланысты еңбекке жарамды бір ұрпақтың жойылуы. Осылайша, ұлттың генофондына, балаларымыздың болашағына қауіп-қатер төніп тұр, - деді депутат Советбек Медебаев сенат отырысында.
Статистикаға қарасақ, есірткі қаупі туралы айтылып жатқан сөздер негізсіз емес. Депутат Медебаев сенатта келтірген ресми дерекке жүгінсек, былтыр елде есірткіге қатысты 8 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталса, соның 3430-ы– есірткіге қатысы бар қылмысқа жатады. Синтетикалық есірткілерді тәркілеу 45 пайыз артқан. Былтыр есірткі қылмысын жасағаны үшін кәмелет жасына толмаған 49 бала ұсталған. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, олар бұрын есепте болмаған және қылмысты ақша табу мақсатында жасаған.
Балалары есірткі тасымалы үшін сотталған ата-аналардың айтатын негізгі уәжі бар – "балаларымыз тек тапсырма орындаған, бірақ полиция мен тергеу соның бәрін ұйымдастырып отырған адамды ұстамайды, таппайды" дейді. Бұл шындыққа жақын. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр қылмыстық топ құру және оны басқару бойынша 13 қылмыстық іс қозғалған. Есірткі тасымалымен айналысқан қылмыстық топтың 30 мүшесі сотталған. Кейінгі бес жылда олардың саны артқан да, кеміген де жоқ. 2023 жылы қылмыстық топтың 7 мүшесі 15-20 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалған.
– Құқық қорғау органдары "есірткі зертханасын әшкереледік" деп айтады. Бірақ онда шөмішке бірдеңе қайнатып отырған Вася мен тағы біреуді ұстап, "ірі есірткі өндірушілер" деп есеп бергенін де білеміз. Әрине жұмыста керемет статистка көрсеткісі келетін шығар. Алайда солайше талай адамның өмірін тас-талқан қылды. Бізге түрмеде жазықсыз 7 жыл отырып шыққан баланың әжесі келді. Сол бала түрмеден шыққан соң "мына өмірге үйрене алмаймын" деп, екі айдан соң 27 жасында өзіне қол жұмсаған, – деді Гүлзат Алмажанова.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, есірткі притонын ұйымдастыру және сақтаудың 7 фактісі анықталған. 63 есірткі зертханасы жойылған.
21 тоннадан астам есірткі заты тәркіленген, оның ішінде 547 келі синтетика, 2,5 келі героин, 10 тоннадан астам марихуана, 572 келі гашиш бар.
Есірткі таратуға байланысты 7400 интернет-ресурс анықталған.
Ішкі істер министрлігі есірткі өндірушілерді, оны тарату желісін ұйымдастырушыларды ұстау қиын екенін мойындайды. 2023 жылы желтоқсанда мәжілісте есеп берген ішкі істер министрі Ержан Сәденов есірткі саудагерлері бизнесте жаңа технологияны, боттарды көп пайдаланатынын, сол үшін оларды ұстау жылдан жылға қиындап бара жатқанын айтқан. Министрдің сөзінше, наркодиллерді ұстау үшін IT мамандарын тартып, жасанды интелектіні қолдану жоспары бар.
– Бұл қылмыс көбіне пирамида сияқты жұмыс істейді. Көп есірткі тасушы болуы мүмкін, ал олардың ұйымдастырушысы – біреу. Ішкі істер органдары есірткі тасыған бір адамды ұстаса, соның ізімен ұйымдастырушысын да іздейді. Жақында ғана Өскеменнен біреу ұсталып, соның артынан Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстарынан зертханасы табылды, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Бақытжан Әмірханов.
Бас прокуратураның деректеріне қарасақ, есірткі тасымалы бойынша сотқа жеткен істердің 99 пайызына айыптау үкімі шығады, яғни, сотқа тартылған адамның түгелі дерлік сотталады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 18 мыңнан аса адам есірткіге тәуелді жандар тізімінде тұр. Оның 1500-нан астамы – әйел, алпысқа жуығы – бала.
Елизавета мен Айяның аналары есірткі тасымалдады деген айыппен сотқа тартылып жатқан қыздарының ісі қайта тергелуі үшін күресіп жүр. Былтыр қарашада Полина Терентьева Алматы облысының прокуратурасында өзін өртемекші болды.
Ол істі дұрыс тергеуді, "есірткі табылған қорап ішінде не барын білмедік" деген қыздарының уәжін ескеруді талап етеді.
Биыл 5 қаңтарда өткен сот отырысында олар істегі судья Мұхиддин Тохтахунов "әділ шешім шығармайды" деп, оған сенімсіздік танытқан. Алайда Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі сотының төрағасы Ержан Жанұзақов олардың өтінішін орындаған жоқ.
ПІКІРЛЕР